«КазМунайГаз – Аэро» ЖШС авиациялық отын операторы ретінде Қырғызстан нарығына шығуда

«КазМунайГаз – Аэро» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ еншілес компаниясы) Қырғызстанның авиациялық нарығында авиациялық отын операторы ретінде өз қызметін бастағанын хабарлайды. Халықаралық нарықтарға шығу аясында компания Қырғызстанның жетекші әуежайларында әуе кемелеріне «ұшақтың қанатына» жанармай құю қызметін ұсынатын болады. Олардың ішінде Бішкектегі «Манас» халықаралық әуежайы, «Ош» әуежайы және Тамчы ауылындағы «Ыстық көл» әуежайы бар.

«КазМунайГаз – Аэро» нарықта отандық және халықаралық серіктестер үшін сенімді әріптес ретінде танылды. Компанияның Қырғызстан нарығына енуі авиациялық отын операторларының халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді. Сонымен қатар бұл шетелдік келісімшарттарды жасасуды және ұшақтарға жанармай құюды үздіксіз және қауіпсіз жүргізу үшін заманауи технологияларды қолдануды қамтиды.

«Біз енді Қырғызстанда әуе кемелеріне «ұшақтың қанатына» жанармай құю қызметін ұсынатындығымызды қуанышпен хабарлаймыз. Бұл біздің халықаралық нарықтағы қатысуымызды кеңейтудің және Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде ұстанымын нығайтудың маңызды қадамы болып табылады. Айта кету керек, Қырғызстанның әуежайларында әуе кемелерге «ұшақтың қанатына» жанармай құю кезінде Қазақстанның авиациялық отыны пайдаланылмайды. Бұл жұмыс Қырғызстанның авиациялық отын операторы «Асман Ойл Компани» компаниясымен бірлесіп жүргізіледі, ол «Манас» халықаралық әуежайының еншілес компаниясы болып табылады», – деп атап өтті Ильдар Шамсутдинов, «КазМунайГаз – Аэро» ЖШС Бас директоры.

 

Ақпараттық анықтама:

«Асман Ойл Компани» ЖШС «Манас халықаралық әуежайы» АҚ еншілес ұйымы. «Асман Ойл Компани» ЖШС негізгі қызметі – авиациялық жанармай мен әуе кемелеріне жанармай құюға арналған арнайы сұйықтықтарды қабылдауды, сақтауды және жеткізуге дайындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ бүкіл технологиялық тізбекте кондициялауды қамтамасыз ету.

2003 жылдан бастап Қырғыз Республикасының барлық әуежайларына халықаралық және ішкі рейстерді орындайтын отандық және шетелдік авиакомпаниялардың қажеттіліктерін қанағаттандырады. Кәсіпорынның балансында жанар-жағармай материалдарын сақтауға арналған қоймалар, қажетті технологиялық жабдықтар кешені, көлік құралдары, зертхана, сондай-ақ әуе тасымалына үздіксіз авиациялық жанармаймен қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған мамандандырылған жанар-жағармай цистерналары мен автоцистерналардың 27 бірлігі бар.