Транзиттік өсім: халықаралық жүк тасымалдаушы әуе компаниялар Қазақстандағы қызметін кеңейтуде
Қазақстан ірі халықаралық жүк тасымалдаушылардың келуі нәтижесінде өзінің транзиттік әлеуетін нығайтып келеді. Fly Khiva Cargo өзбек авиациялық тобы, Түркияның ULS Airlines Cargo жүк әуе компаниясы және Грузияның CAMEX Airlines әуе тасымалдаушысы жүк тасымалы көлемін ұлғайтып, отандық әуежайларды Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды торап ретінде қарастыруда.
Шетел авиатасымалдаушылар маршруттарын кеңейткен сайын ел әуе айлақтарында сапалы жерүсті инфрақұрылымы мен арнайы қызметтерге деген тұрақты сұраныс арта түседі.
Бұл ретте «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес компаниясы) ұзақ мерзімді серіктестік байланыстарды жан-жақты дамытуда. Компания серіктестерге әуе кемелерін отынмен үздіксіз қамтамасыз етуге кепілдік бере отырып, Fly Khiva Cargo өзбек авиациялық тобы, Түркияның ULS Airlines Cargo, сондай-ақ Грузияның CAMEX Airlines авиакомпанияларымен ұшақ қанатына жанармай құю бойынша келісімшарттар жасасты.
Еліміздегі әуежайлардың тартымдылығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі — авиаотын бағасының қолжетімділігі. Аймақтағы ең төмен баға рейстердің экономикалық тиімділігін тікелей арттырады. Ал карго-авиация үшін бұл жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға, маршруттарды ыңғайлы жоспарлауға және операциялық шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Серіктестердің техникалық флоты заманауи лайнерлерден құралған: ULS Airlines Cargo – Airbus A310-300F және A330-300P2F кемелерін, CAMEX Airlines – Boeing 737-800BCF пен 767-300BCF ұшақтарын пайдаланады, ал Fly Khiva Cargo компаниясы Boeing 767-300 (BCF/F) негізінде тасымалдау бағыттарын дамытуда.
Қолға алынып, іске асып жатқан шаралар — Мемлекет басшысының елдегі көлік-логистиканың әлеуетін дамытуға, отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шетел авиакомпанияларын тарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған тапсырмаларын орындау аясындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Нәтижесінде Қазақстан тиімді географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы және жоғары деңгейдегі қызмет көрсету стандарттарының арқасында Еуразия кеңістігінде маңызды транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтіп, ортақ бәсекелестік артықшылыққа ие болып отыр.