«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы – «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС америкалық National Airlines әуе компаниясымен әуе кемелеріне «ұшақтың қанатына» жанармай құю қызметін көрсету туралы шарт жасасты. 2026 жылғы 16 қазанда Түркістан халықаралық әуежайында Гонконг – Түркістан – Амстердам бағыты бойынша рейс орындаған National Airlines әуе компаниясының Boeing 777 жүк ұшағына алғаш рет жанармай құю қызметі көрсетілді.
Шарт ҚМГ-Аэро қызмет көрсететін Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Түркістан қалаларының әуежайларын қамтиды. Бұл National Airlines әуе компаниясына Қазақстанның аталған әуежайларында бір жанармай жеткізушісінің қызметін пайдаланып, рейстерін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Орталық Азия арқылы ұзақ қашықтыққа жүк тасымалдайтын әуе компаниялары үшін аралық қону әуежайларында жанармай сапасы мен жеткізілім тұрақтылығы маңызды рөл атқарады. АҚШ-тың ірі әуе тасымалдаушыларының бірі National Airlines-пен ынтымақтастықтың басталуы ҚМГ-Аэро компаниясының халықаралық әріптестігін кеңейтіп, қазақстандық әуежайлардың халықаралық жүк тасымалы бағыттарындағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан халықаралық әуежайының заманауи инфрақұрылымы халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге және өңірдегі жүк тасымалының дамуына мүмкіндік береді. Жаңа халықаралық әуе тасымалдаушыларын тарту оңтүстік өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, оның халықаралық көлік-логистикалық байланыстардағы рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға және елдің сенімді еуразиялық авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі болып табылады.
ҚМГ-Аэро халықаралық әуе компанияларымен әріптестікті одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта компания Қазақстан әуежайларында 50-ге жуық шетелдік әуе тасымалдаушысына қызмет көрсетеді.
Анықтама:
National Airlines – штаб-пәтері Флорида штатының Орландо қаласында орналасқан америкалық әуе компаниясы. Компания жүк және жолаушылар чартерлік тасымалдарына маманданған. Әуе паркінде Boeing 747 және Boeing 777 үлгісіндегі кең фюзеляжды жүк ұшақтары бар. Әуе тасымалдаушысы коммерциялық, көлемді және арнайы жүктерді тасымалдауға маманданған.




