ҚазМұнайГаз бен TAV Airports Holding стратегиялық әріптестікті кеңейтуде
Бүгін Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов TAV Airports Holding бас директоры Серкан Каптанмен кездесті. Бұл келіссөздер бұған дейін ҚМГ басшысы мен Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе арасында басталған диалогтың орынды жалғасы болды.
А.Хасенов TAV Group басшылығына Қазақстанның ең ірі әуе айлағы — Алматы әуежайына қатысты ынтымақтастықтың табысты басталып жатқандығы үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында тараптар серіктестік байланыстарды тереңдетуге және өзара іс-қимылдың жаңа кезеңдеріне көшуге дайын екенін растады.
Ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыты ретінде ҚМГ-ның еншілес ұйымы — «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің Алматы әуежайының жанармай құю кешенін жаңарту мен дамытуға қатысуы қарастырылып жатыр.
Өзара ықпалдастықтың бұл форматы әуежай үшін бірқатар стратегиялық артықшылықтарға ие. Атап айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес отынды сақтау мен құю нысандарының ауқымды реконструкциялауын жүргізу, сондай-ақ отын қозғалысының барлық кезеңінде есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделеді.
Ұлттық оператор — ҚМГ-Аэромен әріптестік орнату TAV Airports Holding-ке терминал инфрақұрылымын дамыту және жолаушыларға көрсетілетін сервис сапасын арттыру мәселелеріне ден қоюға мүмкіндік береді.
Анықтама:
TAV Airports Holding — әлемнің 8 елінде 15 әуежайды басқаратын жетекші жаһандық оператор. 2021 жылдан бері компания — Алматы халықаралық әуежайының негізгі акционері.


