ҚМГ-Аэро Санкт-Петербургтегі халықаралық форумда тұрақты авиациялық отын саласындағы бастамаларын таныстырды
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ-Аэро) 80-нен астам елден 5 мыңға жуық қатысушыны жинаған Санкт-Петербургтегі Халықаралық көлік-логистика форумына қатысты.
Форум барлық құрлықтарға әсер етіп отырған жаһандық макроэкономикалық сын-қатерлер жағдайында басталып, әлемдік көлік-логистика саласының даму перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бастап барды.
Форумның іскерлік бағдарламасы көлік инфрақұрылымын дамыту, жүк және жолаушылар тасымалы, саланы цифрландыру, инновациялық шешімдерді енгізу және реттеу тетіктерін жетілдіру сияқты негізгі мәселелерді қамтыды. Сондай-ақ, салалық панельдік сессиялар аясында ТМД кеңістігі мен Үлкен Еуразиядағы көлік дәліздерін дамытуға ерекше назар аударылды.
«CORSIA мақсаттары үшін халықаралық әуе тасымалдарын декарбонизациялау құралдары» тақырыбындағы панельдік сессия барысында ҚМГ-Аэро Қазақстанда тұрақты авиациялық отын (SAF) жобасын ілгерілетуге арналған баяндама ұсынды. Компания мәліметінше, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу толық аяқталған. Қазіргі уақытта жобаны практикалық іске асыру кезеңіне көшу үшін барлық қажетті мәселелер пысықталып, келісу жұмыстары жүргізілуде.
ҚМГ-Аэроның халықаралық күн тәртібіне белсенді қатысуы компанияның авиацияда экологиялық тұрақты шешімдерді енгізуге және Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға деген ұстанымын айқындайды.
Форум алғаш рет өткізіліп отыр және қазірдің өзінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ көлік жүйелерінің тиімділігін арттыру мен Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді дамытуға бағытталған бірлескен шешімдерді әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды.

