«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС Актөбе халықаралық әуежайында Өзбекстанның Fly Khiva әуе компаниясының алғашқы жүк рейсіне әуе кемесіне жанармай құю («қанатқа») қызметін көрсетті. Әуе кемесі Рига – Ақтөбе – Гонконг бағыты бойынша рейс орындады. Актөбе әуежайында жүк түсіру жұмыстары жүргізілді.
Жаңа рейстің ашылуы Қазақстан арқылы халықаралық жүк тасымалын дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашып, елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
ҚМГ-Аэро мен Fly Khiva арасында авиаотынмен қамтамасыз ету қызметтерін көрсету туралы шарт 2026 жылғы қаңтарда жасалды. Осы уақыттан бері компания Алматы және Астана халықаралық әуежайларында әуе тасымалдаушысының әуе кемелеріне жанармай құю қызметін көрсетіп келеді. Актөбедегі алғашқы жүк рейсіне қызмет көрсету екі компания арасындағы әріптестікті дамытудың кезекті кезеңі болды.
Аталған жұмыс Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік логистикалық әлеуетін арттыру және елімізді Еуразиядағы жетекші авиациялық хаб ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде.
ҚМГ-Аэро отандық әуежайларда ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ету және елімізде халықаралық әуе қатынасын дамытуға ықпал ету арқылы әлемнің жетекші әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.
Анықтама:
Fly Khiva – 2021 жылы құрылған Өзбекстан Республикасының әуе компаниясы. Әуе тасымалдаушы жолаушылар және жүк тасымалын, сондай-ақ чартерлік рейстерді жүзеге асырады. Компанияның әуе паркіне Boeing 767-300 BCF жүк ұшақтары және Boeing 757-300 жолаушылар ұшақтары кіреді.

