Астанада «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС басшылығы мен халықаралық жүк әуе тасымалдаушысы Cargolux компаниясының өкілдері арасында келіссөздер өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әуе компаниясының рейстер санын ұлғайту және ұшу бағдарламасын кеңейту жоспарларына сәйкес авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.
Cargolux компаниясымен ынтымақтастықтың кеңеюі Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші көлік-логистикалық және транзиттік хаб ретіндегі позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және халықаралық жүк ағындарын тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізілуде.
Тасымал көлемінің артуына байланысты «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС әуе кемелерін тікелей «ұшақтың қанатына» жанармай құю қызметі аясында авиаотын жеткізу көлемін ұлғайтуда. Алдын ала жоспарға сәйкес, маусым айында 5 мың тонна, шілде айында 7 мың тонна авиаотын жеткізіледі. Тамыз айында бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Келіссөздер барысында Cargolux компаниясының Қазақстанның өңірлік әуежайларын пайдалана отырып маршруттық желісін кеңейту перспективалары да талқыланды. Аталған бастамаларды іске асыру еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі күшейтуге, авиациялық инфрақұрылымның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге және өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Әлемдегі жетекші жүк әуе тасымалдаушыларының бірі саналатын Cargolux компаниясының Қазақстандағы қызмет ауқымын кезең-кезеңімен кеңейтуі қазақстандық бағыттың халықаралық нарықтағы сұранысының жоғары екенін және еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы жаһандық логистикалық тізбектердегі стратегиялық рөлінің артып келе жатқанын айғақтайды.

