Ағымдағы жылдың 27 сәуірі «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ көмегімен «TechWomen» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарынан келген делегацияның Қазақстанға сапары аясында әйелдердің әлеуетін дамыту жөніндегі сессияға қатысты.

Келуші делегацияның миссиясы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, оларға ғылым, технология, инженерия және математика салаларында қолдау көрсетуге, сондай-ақ елдер арасындағы кәсіби және мәдени алмасуға бағытталған. Делегация құрамында 50 сарапшы және АҚШ-тың жетекші технологиялық компаниялары мен қоғамдық институттарының, Кремний алқабынан кәсіби даму және алмасу ұйымдарының өкілдері болды.
Сессия бағдарламасы әйелдер көшбасшылығы, қаржылық сауаттылық, стратегия, тұрақты даму, сондай-ақ экология, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару (ESG) бойынша талқылау мен тренингтерді қамтыды.
Анықтама үшін: «TechWomen» – АҚШ Мемлекеттік департаментінің (ECA) Білім және мәдениет істері бюросының бастамасы. Бұл бүкіл әлем бойынша әйелдердің мәртебесін көтеруге қолдау көрсететін және ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларындағы әйелдердің әлеуетін дамытуға көмектесетін кәсіби алмасу бағдарламасы. Соңғы 12 жылда бағдарламаға 21 елден 1000-нан астам әйел қатысты.