
14 қазанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және еншілес компанияларының 300-ге жуық қызметкері елордада көшет отырғызу бойынша корпоративтік экологиялық акциясын өткізді. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бес жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу бастамасына қолдау көрсетті.
Астанадағы Сауран көшесінің бойына және Түркістан көшесінде орналасқан Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің аумағына жөке, қайың, сібір және еуропа шыршасы, қарағай ағашының көшеттері отырғызылды. Жылдар өте бұл көшеттер елорданың көркіне айналады.
ҚМГ болашақта бұл игі бастаманы дәстүрге айналдыруға ниетті.
Жалпы, корпоративтік мәдениетті қолдау және волонтерлікті дамыту мақсатында құрылған ҚМГ компаниялар тобының еріктілер қозғалысы түрлі әлеуметтік бастамаларда белсенділік танытып келеді.