«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-де энергетика және тауар нарықтарын талдауға маманданған халықаралық Argus Media Group агенттігінің делегациясымен жұмыс кездесу өтті. Кездесу барысында авиациялық отын саласындағы өзекті үрдістер мен 2025 жылға арналған болжамды бағыттар талқыланды.
Тараптар өңірлік және жаһандық баға белгілеу динамикасына, сондай-ақ Argus баға индикаторларын авиациялық сегментте қолданудың ерекшеліктеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, нарықтың құбылмалылығын ескере отырып, ұзақ мерзімді келісімшарттық стратегияларды қалыптастыру тәсілдері қарастырылды.
Argus Media Group өкілдері баға котировкаларын есептеу бойынша жаңартылған әдістемелерді таныстырып, нарықты нақты уақыт режимінде бақылауға арналған жақында енгізілген цифрлық платформаның мүмкіндіктерін көрсетті. Негізгі жаңалықтардың қатарында — машиналық оқыту технологиясы мен үлкен деректерді өңдеуге негізделген аналитикалық модульдер бар.
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС басшылығы ұсынылған шешімдер үшін ризашылығын білдіріп, Argus Media Group агенттігімен одан әрі ынтымақтастықты дамытуға мүдделік танытты. Агенттік нарықтық талдау және баға бағдарларын қалыптастыру саласындағы жетекші ойыншылардың бірі ретінде бағаланды.